Түркменстандағы президент сайлауының нәтижесі: бағыттан ауытқымайды

Түркменстанда президент  сайлауы өтті. Сайлау науқаны кезінде негізгі фаворит саналған қазіргі президенттің жеңіске жетуі әу бастан белгілі еді. Сондықтан сайлауды саяси режимнің беріктігін байқайтын сынақ деуге келмейді.

Дегенмен түркмен сайлаушылары мен шенеуніктердің  Ғ.Бердімұхамедовке көрсеткен қолдауы сан жағынан қандай көрініс табатыны қызығушылық тудырды. Көп елдерде сайлау нәтижесі тұрғындардың ғана емес, билік көңіл-күйінің барометрі саналады. 2006 жылғы желтоқсанда Ниязов жарық дүниемен қош айтысқалы, 2007 жылы ақпанда Ғ.Бердімұхамедов ел президенті болып сайланғалы  он жыл өтті. Биылғы сайлауда оның 98%-бен жеңіске жетуі әлі де көшбасшы орында екенін байқатады.

Түркменстанның ішкі дамуына қатысты Батыс тарапынан  қойылатын сауал көп. Батыс мұнда демократия мен нарық реформаларының қарқынды дамығанын көргісі келеді. Бұрынғы кеңестік елдері сияқты Түркменстан да адам құқығын қорғау саласында  сынға көп ұшырайды. Бұл сынға бұрынғы кеңестік кеңістіктегі экономикасы мен қоғамының ашықтығы анағұрлым жоғары деңгейдегі мемлекеттердің азаматтық белсенділері мен журналистері үн қосады. Түркменстанда өзгерістердің баяу жүретінін бәрі де түсінеді. Өйткені республика өз мүддесіне, ұлттық және саяси мәдениетіне сай келетін даму жолын таңдауы тиіс.

Сонымен қатар Түркменстандағы саяси ахуалдың бұл елмен тығыз байланыс орнатуға ешқашан  кедергі келтірмегенін айту керек. Ол   - қуатпен жабдықтайтын сенімді де жауапты серіктес. Оның үстіне, аймақтағы геосаяси ойыншылардың мүддесінен шығатын қуат ресурстарын әлемдік нарыққа тасымадайтын жобаларға осы елді тарту әрекеті тоқтаған емес.  

Түркменстанның көршісі ретінде Қазақстан үшін ең әуелі екі ел  арасындағы достық пен серіктестік қарым-қатынасты сақтау маңызды. Ғ. Бердімұхамедовтың билік басына келуі сауда-экономикалық байланысқа, әсіресе, көлік және энергетика саласында екі жақты ынтымақтастыққа серпін берді. Қос елдің серіктестігі Каспий жағалауындағы елдердің арасында  түрлі мәселелер бойынша екі жақты және көп қырлы диалогтың нығаюына ықпал етуі керек.

Бүгінгі күн тәртібінде әлі толық жүзеге асырылмаған өзара іс-қимыл саласын кеңейту міндеті тұр. Ал Ғ.Бердімұхамедовтың президент болып қайта сайлануы елдің сыртқы саясатында осы бағыттың жалғасу кепілі болмақ. Біз үшін бүгін ең бастысы – осы.

Айдарлар:  Центральная Азия