Түркменстандағы сайлау

12 ақпанда Түркменстанда кезекті президент сайлауы өтті. Сайлау қорытындысы бойынша елдің қазіргі президенті Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов сайлаушылардың 97 пайыздан астам дауысын иеленіп, сенімді түрде жеңіске жетті. Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес, ол 7 жылға президент болып қайта сайланды.

Бұл жолғы сайлау науқанының басты ерекшелігі деп сайлауға бәсекелес үміткерлердің қатысуы және олардың іс-әрекеті БАҚ-та кеңінен жазылғандығы екенін айту керек. Биыл 9 үміткер президент орынтағы үшін  таласқа түсті. Бұған дейінгі президент сайлауларымен салыстырғанда бұл кәдімгідей өзгеріс. Айталық, Түркменстандағы үш саяси партия да өз үміткерін ұсынды. Қалған 6 үміткер азаматтардың бастамашыл топтары атынан қатысты.

Түркменстанда биылғы сайлаудың аса қиын жағдайда өткенін айта кету керек.  Елдің экспортқа шығаратын негізгі тауары – табиғи газ бағасының құлдырауынан экономикалық жағдайы нашарлады. Өткен жылдың қаңтарынан түркменнің «көгілдір отынын» өткізу нарығы тарылды. «Газпром» Түркменстаннан табиғи газ сатып алуды тоқтатты. Сондай-ақ Иранға газ сатылмайтын болды. Соның нәтижесінде бюджетке түсетін табыс көлемі азайды. Бұл түркменнің ұлттық валютасы – манаттың құнсыздануына әкеп соқтырды. Тұрғындарға арналған бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер алып тасталды.  Оның ішінде тегін бензинмен қамтамасыз ету бар. Газды пайдалануға  лимит белгіленді. Бірқатар БАҚ түркмен нарығында азық-түлік және тұтыну тауарларының тапшылығы орын алғанын хабарлады.

Макроэкономикалық ахуалдың нашарлауы Түркменстан экономикасы өсімінің салыстырмалы түрде баяулағанынан көрінеді. Елдің ЖІӨ 2016 жылы 6,2 пайызға өскенімен, бұл алдыңғы екі жылмен салыстырғанда анағұрлым төмен көрсеткіш.

Сонымен бірге көршілес Ауғанстандағы саяси тұрақсыздық Түркменстанға қауіп-қатер төндіреді. Соңғы екі жылдан бері шекара маңында қақтығыстың жиілегені, түркменнің шекара бекеттерін тәлібтердің бірнеше рет  шабуылдағаны жайында айтылып жүр. Бұдан басқа, Ауғанстандағы қауіпсіздік мәселесі ТАПҮ (Түркменстан, Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан)  магистральдық газ құбыры желісінің құрылысына кедергі келтіреді.Осы құбыр желісі арқылы түркмен газы Оңтүстік Азия елдеріне экспортталуы тиіс. ТАПҮ іске қосылса, түркмен елінің бүгінгі қиын-қыстау жағдайдан  шығуына сеп болар еді.    

Сондықтан Ашғабадтың биылғы сайлауда жоғары бәсекелестік деңгейін қамтамасыз етуі бекер емес. Түркмен елі осылайша өзінің халықаралық беделін жақсартқысы келеді. Әсіресе, бұл экономикалық түйткілдер көбейген кезде шетел инвестициясын тарту үшін аса қажет.

Тұтас алғанда, Түркменстанда өткен сайлаудың негізгі түйіні мынау: ел басшылығы бұрынғы саяси бағытын сақтап, әрмен қарай жалғастыруға ниетті. Әрине,  Ашғабадтың стратегиялық бағытын жалғастыруы аймақтағы қауіпсіздік мүддесіне, сондай-ақ қазақстан-түркмен қарым-қатынасының  одан сайын нығаюына ықпалын тигізеді.

Айдарлар:  Центральная Азия