Экономикалық дамудың жаңа моделі

Егемен Қазақстан

Елбасының биылғы Жолдауындағы басты идеялардың бірі – Қазақстанның әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған экономикалық дамудың жаңа моделін құру. Бұл ретте, цифрлық технологияларға аса көп көңіл бөлінетіні белгілі. Алайда, Жолдауда айтылған жаңа модель Қазақстан экономикасының дәстүрлі салаларын дамытуға негізделетінін де айта кеткен жөн. Нақтылай түссек, мұнай өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік саласы және т.б. Осыған байланысты мемлекеттің экономикалық даму мәселесінде қандай жаңа басымдықтарға назар аударатынын айқындап алу қажет.

Шикізат дәуірінің дәурені шектеулі

Қазақстан үшін соңғы жылдары экономикалық дамудың жаңа формуласын іздеу қажеттілігі туын­­дай бастады. Мәселе мұнай-газ саласынан түскен табысты іш­кі сұранысқа айналдыруға негізд­елген бұрынғы даму үлгісі өзі­нің маңыздылығын біртіндеп төмен­детіп келе жатқандығымен бай­ланысты еді. Әлемдiк энерге­тика нары­ғындағы соңғы жаңа­лық­тар мұнай дәуiрінiң аяқта­ла бастағанынан хабар беретін­дей. Одан басқа, Қытай экономика­сы­ның бәсеңдеуi және Ресей эконо­ми­касындағы дағдарыс жағдайы қазақ­стандық экспортқа деген сұраныстың төмендеуіне әкеліп соқтыруда.

Сыртқы факторлардың жағым­сыз әсеріне қарамастан, Қазақ­стан Үкіметі рецессияға жол бер­мей, экономикалық өсiмнің оң көр­сеткіштерін қамтамасыз ете алды. Қазақстанға жай ғана эконо­ми­калық өсу емес, сапалы эконо­микалық даму қажет.

Өнеркәсіпке кең ауқымда ақпа­раттық технологияларды ен­гізу және қуат үнемдейтін өндi­рiс­терге көшу нәтижесінде Төртiншi өнеркәсiптiк революция басталуда. Мұның бәрi Қазақстан үшiн даму­дың жаңа моделіне көшу маңыз­дылығын арттырып отыр.

Еңбек тиімділігін арттыру ұтымдылыққа апарады

Көптеген дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, еңбек өнімділігін арттыру тұрақты және қарқынды экономикалық өсудің кепілі болып табылады. Өнімділік көрсеткішін арттырмай, экономиканың сапалы жаңа даму деңгейіне шығу мүмкін емес. Еңбек өнімділігін арттыру үшін өндірістік үдерістерді автоматтандыру және роботтандыру жоспарлануда. Соны­мен бірге, мемлекет негізгі капи­талға инвестициялар тартуды көз­деп отыр. Осыған байланысты Ел­басы Үкіметке негізгі салаларды тех­­ни­калық қайта жарақтандыру бағ­дар­ламасын әзірлеуді тапсырды.

Біздің ойымызша, негізгі капи­тал­ды арттыру орта мерзімді бола­шақ­та экономиканың жоғары қар­қынмен дамуына зор мүмкіндік бере­ді. Сонымен бірге, үлкен инвес­ти­ция­лар өздігінен нәтиже әкеле ал­майтыны түсінікті. Мұндағы негіз­гі мәселе инвестициялардың сапа­сына және олардың өндірістік қуат­­тылығының тиімділігін артты­ру­ға бағытталғандығымен байла­нысты.

Дәстүрлі салаларды дамытудың артықшылықтары көп

Елбасы атап көрсеткендей, эко­но­микалық өсудің жаңа моделі­нің басты мақсаты – еліміз­дің шикізат емес экспортын дамыту. Бұл ретте, Президент басым сала­лар­дағы экспортты дамыту мақса­тын­да экономиканы одан әрі индус­трия­ландыруға ерекше көңіл бөлді. Экспорттаушыларға көмек көрсету мәселесінде де шикізат емес өнімдерді сыртқа жөнелтетіндерге басымдық беріледі.

Экспорттаушыларды, соның ішінде өңірлердегі кәсіпкерлерді қолдауды «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асыру жоспар­ланып отыр. Сонымен қатар, Үкі­мет жанында бизнес өкілдерінің қатысуымен экспорттық саясат жөніндегі кеңес құрылады.

Дамудың жаңа үлгісіне көшу Қазақстан экономикасының тұрақ­тылығын және өркендеуін қам­та­масыз етіп отырған кен-метал­­­лургия және мұнай-газ кешен­­дерін дамытуға тікелей байла­ны­сты екендігін ескерген жөн. Жал­пы, еліміздің экономика және әлеу­меттік салалардағы бүгін­гі жетістіктеріне мұнай-газ сек­торы және тау-кен өнекәсібінің арқа­сын­да жетіп отырғанын мойындауымыз қажет. Сондықтан, аталған салалар өздерінің стратегиялық маңызын сақтап қалады.

Мұнай өнеркәсібі бүгінде күр­делі кезеңді басынан кешуде. Көмір­сутегі өнімдеріне деген әлем­дік сұраныс төмендеуде. Инвес­тор­лар­дың назары жаңғыртылатын энер­­гия көздеріне ауысуда. Бол­жам бойынша, таяу арадағы 10 жылда мұнай бағасы 60 доллардан аспайды деген пікірлер де бар.

Төмен баға жағдайында мұнай­дың жаңа нарықтарға шығуы ең оң­тайлы стратегия екендігі бел­гілі. Осы ретте, Президент кен орын­дарының материалдық-шикі­заттық базасын кеңейтудің маңыз­дылығына ерекше назар аударды. Сонымен қатар, Қазақстан мұнай­­шыларына шикізатты кешен­ді қайта өңдеуді тереңдету та­псыр­масы берілді. Бұл жердегі басты мақсат – елімізде өндірілетін ре­сурс­тардың жоғары қосымша құн­ға ие болуы және олардың сыртқы нарыққа терең өңделген өнім ретін­де экспортталуы.

Ауыл шаруашылығы – жаңа драйвер

Жолдаудағы экономикалық даму­­дың жаңа драйвері ретінде аг­­рар­­лық сектор көрсетілген. Шын мә­нін­де, ауыл шаруашылығы Қа­зақ­­­­стан­­ның дәстүрлі бәсекелік ар­тық­­­шы­­лықтарының бірі ретінде қа­ра­с­­­ты­рылатыны белгілі. Сон­дық­­­тан, бұл жерде әңгіме мемлекет тара­­пы­­нан агроөнеркәсіп кешенін рет­­теуге деген қандай жаңа құрал­дар­ды қолданатыны туралы болып отыр.

Осы ретте, Үкіметтің жеке шаруа­­­шы­лықтарды ірілендіру бо­йын­ша жоспары назар аудар­тады. Ауылдағы үй шаруашы­лық­тарын ірілендірудің маңыздылығы туралы пікірлер бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Қазіргі кез­де кең тараған ұсақ тауар өндірісі жағдайында сапалы түпкілікті өнім шығару қиындық туғызуда. Сондықтан, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өңделу деңгейін арт­тыру мақсатында Үкіметке 500 мыңнан астам үй шаруашылығын және кіші фермерліктерді коо­перативтерге біріктіру үшін жағдай жасау тапсырылып отыр. Оны таяу арадағы бес жылдың ішінде жүзеге асыру жоспарлануда.

Жалпы алғанда, шаруашы­лықты ірілендіру кәсіпкерлер үшін өндірілетін өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Соны­мен бірге, әрбір шаруа­шы­лық­тың оңтайлы көлемі бар екенін ескеру қажет. Мысалы, егер құс өсіруде ірі шаруашылықтар құру тиімділік үшін басты шарт болса, мал шаруашылығында шағын, отбасылық үлгідегі фермалар да табысты жұмыс атқара алады. Са­йып келгенде, агроөнеркәсіп кеше­ніне жаңа қарқын беру Қазақс­тан­ның әлемдік нарыққа ауылшаруа­шылық өнімдерін экспорттау бо­йынша әлеуетін ашуы тиіс.

Инфрақұрылымдық даму өсіп-өркендеуге төте жол

Қазіргі таңда Қазақстанның көлік саласындағы әлеуеті біртін­деп артып келеді. «Нұрлы жол» бағ­дар­ламасы аясында логисти­ка­лық инфрақұрылымды дамытуға салын­ған инвестициялар бүгін­де Қазақстанда шоғырлана орналас­қан темір жол және автокөлік жол­дарының пайда болуына әкелуде.

Өз кезегінде, түрлі бағыттағы жаңа жолдар сауда және тауар тран­з­иті үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Осы орайда, 2016 жылы Қазақстан аумағы арқылы Еуропа – Қытай бағытындағы транзиттік контейнерлік тасымалдар екі есеге артып, 104,5 мың контейнерді құрағанын айтсақ болады. Осыны ескере отырып, Жолдауда транзиттік тасымалдар экономикалық дамудың жаңа драйвері ретінде көрсетілген.

Қазақстан жолдары арқылы транзиттік тасымалдар көлемін ұлғайту үшін көлік саласын да­мытудың жоғары қарқынын қам­тамасыз ету аса маңызды. Осы мақ­сатта Мемлекет басшысы Кас­пий теңізіндегі Құрық пор­ты құры­лысының екінші кезеңін жү­зеге асыру, сондай-ақ қолда­ныс­тағы көлік дәліздерін жаңғырту бо­йынша Үкіметке тапсырма бер­ді. Одан басқа, Елбасы жолау­шы­лар тасымалының сервис­тік дең­гейін арттыруға және жүк­тер­дің жо­лын­дағы әкімшілік тос­қауыл­дар­ды жоюдың маңыз­дылы­ғына назар аударды. Алға қойылған міндеттер орындалған жағдайда, Қазақстан көлікшілерінің жылына 2 млн контейнерлік тасымалдау көрсеткішіне қол жеткізулері­не толық мүмкіндігі бар деп ойлаймыз.

Құрылыс – аса маңызды салалардың бірі

Жолдауда көрсетілгендей, жаңа модель аясында экономикалық өсудің толыққанды драйвері құры­лыс саласы болуы тиіс. Құрылысты дамытудың маңыздылығы бүгінгі Қазақстан қоғамындағы қарқын­д­ы урбанизациямен байланысты екен­дігін айтқан жөн. Сонымен бірге, ауқым­дылығына байланысты құ­ры­­лыс секторы экономиканың бас­қа са­ла­ларында қосымша сұра­ныс­­ты ту­ғы­затынын да ескеру қа­­­жет. Мұның барлығы құрылыс сек­­­торын дамытудың әлеуметтік-эко­­но­­­микалық маңыздылығын көр­­­се­­­теді. Бұл мақсатта мемлекет­тік қол­­дау ресурстарын тұрғын үй құ­­ры­л­ысына шоғырландыру жо­с­пар­­лануда. Үстіміздегі жылы Ұлт­тық қордан бөлінетін транс­ферттер ішін­де трансферт көлемі бойынша тұр­ғын үй секторы бірін­ші орынға ие болды. Саланы дамытуға 166,4 млрд теңге бөліну жоспарланып отыр.

Үстіміздегі жылы «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асы­рыла бастайды. Бағдарлама ая­сын­да алдағы 15 жыл ішінде 1,5 мил­лион отбасын тұрғын үймен қам­та­масыз ету көзделуде. Осы мақ­сатт­а тұрғын үй салушылар үшін банк несиелерін арзандату және аза­маттар үшін ипотекалық не­сие­лерді субсидиялау жоспа­р­лану­да. Тәжірибе көрсеткендей, мем­ле­кеттік трансферттер құр­ы­лыс сек­торына тек оң ықпалын тигізу­де. Оған дәлел, соңғы жыл­дар­­дағы күрделі эконо­микалық жағ­­дай­ға қара­мастан, құрылыстың тұра­қты өсу қарқынын жоғалтпай отырғаны.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы ұсынған дамудың жаңа моделі экономикамыздың ұзақ мерзімді өсу драйверлерін қайта айқындайды. Жаңа модель аясын­да дамудың ішкі факторларына басым­дық беріліп отырғанын бай­қауы­мызға болады. Сонымен бірге, даму үлгісіне деген жаңа көз­қарас осыған дейін жеткен жетістік­терімізден бас тартуға мәжбүр­ле­­мей­ді, яғни еліміздің әрі қарай тұрақ­ты дамуына негіз қалайды.

Жалпы, Елбасының биылғы Жолдауы мемлекетіміздің эконо­ми­каны әртараптандыру жолын­дағы құрылымдық және институт­тық реформаларды жалғастыру­ға деген ұмтылысынан хабар береді.

Жұмабек САРАБЕКОВ,

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы

Қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат

институтының сарапшысы

Айдарлар:  Қазақстан