Сарапшы ҮИИБ-ны жүзеге асыру барысында жіберілген қателіктерді атады

Биыл елімізде үдемелі индустриялды-инновациялық бағдарламасының 2015-2019 жылдарға арналған екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Алайда аталмыш бағдарламаның бірінші кезеңінде (2010-2014 ) біраз қателіктерге жол берілген. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаев айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бүгін Астанадағы «Назарбаев орталығында» «Қазақстанның экспорттық әлеуетін дамыту мәселелері» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өтті.

 

Оған мемлекеттік органдар, ұлттық компания өкілдері, сарапшылар мен ғалымдар қатысты. Олардың қатарында ҚР Президенті әкімшілігінің Стратегиялық әзірлеу мен анализ орталығы меңгерушісінің орынбасары Олжас Жораев, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Майкенов, «KazakhExport» экпорттық сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Руслан Искаков, «Қазақстанның мемлекеттік жеке-меншік серіктестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы Азамат Ойнаров қатысты.

Осы орайда аталмыш институттың директоры Ержан Салтыбаев елімізде соңғы 4 жылда шикізат экспорты көлемінің төмендеп келе жатқандығын алға тартты. Оның айтуынша, Қазақстан өндіріс қуатын дұрыс пайдалана алмай отыр.

«Біз «Қазақстанның экспорттық әлеуетін дамыту мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырдық. Себебі, Президент 2025 жылға дейін шикізаттық емес экспорт көлемін 2 есеге дейін ұлғайтуды тапсырды. Алайда бұл салада көптеген мәселелер бар. Статистикалық деректерге сүйенсек, соңғы 4 жылда экспорт көлемі тұрақты түрде төмендеуде. Бұл – біздің экономикамыз үшін үлкен проблема. Сондықтан экспорттық стратегияны жүзеге асырудағы мәселелерді «май шаммен қараған» дұрыс», - деді ол.

Сонымен қатар Ержан Салтыбаев үдемелі индустриялды-инновациялық бағдарламасының 2010-2014 жылдарға арналған бірінші кезеңін жүзеге асыру кезінде жіберілген қателіктерді қайталамау маңызды екендігін алға тартты.

www.astanatv.kz

«Индустриялды-инновациялық даму бағыттарына сұрыптау жүргізу қажет. Аталмыш бағдарлама өзін жақсы жағынан көрсетті. Алайда ол ҚР Президенті мен үкімет қойған тиісті көрсеткішке қол жеткізе алған жоқ. Ал қазіргі таңда біз екінші бесжылдықтамыз. Ең маңыздысы біз өткен қателіктерімізді жіберіп алмауымыз қажет», - деді директор.

Оның айтуынша, аталмыш бағдарламаның бірінші кезеңін орындау барысында біраз олқылықтарға жол берілген.

«Қателіктер өте көп. Бірақ негізгілеріне тоқталайын. Алдымен индикативті көрсеткіштер дұрыс қойылған жоқ. Яғни бағдарламаның қорытындысы айқын емес. Аталмыш бағдарлама аясында көптеген иновациялық емес кәсіпорындар ашылды. «Инновациялық» деген сөздің өзі мағынасын жоғалтты. Мысалы, кірпіш зауыты және т.б. Осының барлығы инновациялық болды. Ал кей кездері Қазақстанда негізі қаланбаған өндіріс орындары жұмыс істеді. Мысалы, планшеттер өндірісі және т.б», - деді маман.

Осы орайда Ержан Салтыбаев еліміздің экспорттық әлеуетін көтеру үшін қандай салаларға басымдық беру керектігіне қатысты өз пікірін білдірді.

«Біз өзіміз шығара алатын өнімдерді өндіру қажетпіз. Мысалы, металлургия, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы. Ол салада жылдар бойы тәжірибе жинаған инженерлер, ғылыми тәжірибелер, тиісті сараптамалар бар. Бұл салаларда біз қандай да бір жетістікке жете аламыз», - деді Әлемдік экономика және саясат институтының директоры.

Әңгіме барысында ол Қазақстанның экономикалық әлеуетін көтеру мақсатында шикізаттық емес экспортты дамыту маңызды екендігіне тоқталды.

«Біздің мақсатымыз – шикізаттық емес экспортты дамыту. Бұл - өңдеу өнеркәсібі салаларын алға жылжыту. Қанша айтқанмен қазіргі таңда біздің экономикада шикізаттық өнімнің үлесі басым. Ол – газ, мұнай, металдың бастапқы өңдеуінен алынған метариалдар және т.б. Мысалы, бізде металл бұйымдарды жасау саласы құлдырап тұр. Біздің әлеуетіміз жоғары. Алайда біз оны жүзеге асыра алмай отырмыз», - деп түйіндеді сөзін Ержан Салтыбаев.

baq.kz