Серік Бейсембаев: Сырттан келетін жұмыс күшін шектеуді емес, тиімді пайдалануды ойлауымыз қажет»

Жастар – қашанда қоғамның қозғаушы күші. Олардың үлес-салмағының қоғамдық еңбек нарығында жоғары болуы сапа мен белсенділікті арттырады. Өкінішке қарай, соңғы уақытта еліміздің еңбек нарығында жастардың саны азайып кеткен. Finprom.kz сараптама орталығы Қазақстанның еңбек нарығы қартайып бара жатқаны жөнінде статистикалық мәлімет жариялады. Жастардың қатары 27 пайыздан 24,6 пайызға дейін төмендеген. Осы ретте белгілі әлеуметтанушы, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Серік Бейсембаевпен сұхбаттасып, еңбек нарығындағы жастар үлесі неліктен азайғанын сұраған едік.

Жақында Finprom.kz сараптама орталығы еліміздің еңбек нарығындағы жастардың үлесі азайып бара жатыр деген ақпарат таратты. Бұл қаншалықты қауіпті нәрсе? Қоғамға белгілі бір дәрежеде зиянын тигізуі мүмкін бе?

Еңбек нарығындағы жастардың азаюы – бұл объективті үрдіс. Қазір еңбек нарығына 1994-1999 жылдары туған балалар келіп жатыр. Бұл Қазақстанда саны жағынан ең аз буынның бірі, себебі ол жылдары бала туу саны елімізде күрт азайып кеткен болатын. Оны ғылымда «демографиялық ойық» (демографическая яма) деп атайды. Алдағы бірнеше жыл ішінде еңбек нарығындағы жастардың үлесі бұдан да төмендейді және бұл үрдіс алдағы 5-6 жыл бойы жалғасады. Аталған мәселенің салдарын біз тек еңбек нарығында ғана емес, білім беруде де айқын байқадық. Мысалы, кейбір мамандықтар бойынша берілген мемлекеттік гранттар игерілмей қалды.

Жалпы қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алатындардың саны азайып кетті. Бұл осы нарықта жұмыс істейтін субъектілер үшін белгілі бір қиындықтар туындатады. Сонымен бірге, көбінесе жастар жұмыс істейтін қызмет көрсету саласында жұмыс күшіне деген сұраныс артуы мүмкін. Әсіресе, ірі қалалардағы бизнес жас кадрлар тапшылығын айқын сезінеді деп ойлаймын.

Қоғамда әлеуметтік-экономикалық тепе-теңдікті ұстау үшін еңбек нарығындағы бұндай дағдарыстан шығудың қандай жолы бар?

Бұдан шығудың бірден-бір жолы – еліміздегі еңбек миграциясы мәселесін реттеу. Еңбек күші артық аймақтардағы жастарды еңбек күші жетіспейтін аймақтарға көшуге, жұмыс іздеуге стимул беру. Қазір осы мәселені шешу үшін оңтүстіктен солтүстікке көшіру бойынша арнайы бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Екінші бағыт – сырттан келетін жұмыс күшін реттеу. Өзіңіз білесіз, жалпы қоғамда бұған байланысты екіұдай пікір бар. Сырттан келетін миграцияны бірі қолдаса, екіншісі қарсы. Тіпті соңғы кезде сырттан жұмыс күшін әкелуге қоғамның қарсы екені де байқалып қалды. Бұл жақында ғана «Әбу-Даби плазада» болған қақтығыс секілді оқиғалар кезінде көрініс табады. Дегенмен алдағы 5-6 жыл көлемінде біздің экономикамыз сырттан келетін еңбек күшіне тәуелді болып қала береді. Тіпті оған зәруміз десек те болады. Сондықтан да оны тоқтату немесе шектеуді емес, тиімді пайдалану жағын қарастыру қажет. Мысалы, қазірдің өзінде бізде Өзбекстан мемлекетінен келіп, жұмыс істейтін азаматтардың саны 1 миллионнан асқан. Жылдан-жылға көрші елдерден келетін еңбек миграциясы өсіп келеді. Олардың көбі арзан жұмыс орындарын толтыратыны анық, бірақ, солардың арқасында біз еңбек күшіне деген сұранысты жабамыз.

Батыс немесе Ресей елінде жалпыхалықтық қартаю процесі жүріп жатыр, жастар аз деп алаңдайды. Біздің дәл қазір олай алаңдауымызға негіз жоқ шығар, қалай ойлайсыз?

Дәл қазір бізде қартаю процесі онша байқалмайды. Бірақ демограф ғалымдардың болжамынша, алдағы 5-10 жылдық шамасында еліміздегі халықтың орта өмір сүру жасы ұлғаяды және бала туу көрсеткіші баяулайды. Бұл урбанизация мен жалпы экономикалық дамудың салдары болмақ. Соған байланысты, БҰҰ есебі бойынша Қазақстан қартаю потенциалы жоғары мемлекеттер қатарына жатады.

Жалпы, еңбек нарығының сапалы болу-болмауы, осындай әлеуметтік факторлардың туындау-туындамауы ел экономикасына қаншалықты әсерін тигізеді?

Еңбек нарығы туралы айтқан кезде жұмыс орнының сапасы тақырыбын ескеру керек. Қазір елімізде ресми түрде тіркелмей, келісімшартқа отырмай, жұмыс істеу кең таралған. Соңғы деректер бойынша елімізде жұмыс істейтін 2 миллионға жуық адам ресми тіркелмеген. Әлеуметтік, экономикалық жағынан біз олардың потенциалын пайдалана алып жатқан жоқпыз. Мұның теріс жақтары қандай: біріншіден, олар әлеуметтік жағынан қорғалмаған болып саналады. Яғни, зейнетақы жүйесіне салық төленбейді, несие алуға мүмкіндігі жоқ. Екіншіден, олардың еңбек құқығы сақталмайды. Мәселен, құрылыста жұмыс істеп жүріп жарақат алып қалатын болса, жұмыс беруші ол үшін ешқандай жауапкершілікті мойнына алмайды. Немесе келіскен ақшасын бермей қояды. Бұл мәселені шешу үшін, менің ойымша, әр әкімдіктегі еңбек инспекциясы өз жұмысын дұрыс атқаруы керек. Сонымен қатар, адамды жұмысқа алған кезде онымен келісімшарт жасамағандар заң бойынша айыппұл төлеуі тиіс. Бірақ бізде тағы да бұл заң талабы орындалмайды да, жұмыс берушілер ауызша келісіп жұмысқа ала береді. Әсіресе, мұндай құбылыс шағын қалаларда көп белең алып отыр. Жергілікті халық 30-40 мың ғана айлық алады және әлеуметтік жағынан қорғалмаған.

Қазіргі таңда еңбек нарығына, әсіресе, қай саланы меңгерген жастар көбірек қажет?

Бұл мәселе, менің ойымша, нарық тарапынан реттелетін нәрсе. Ал жастардың еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы көбіне біздегі білім сапасына келіп тіреледі. Қазіргі кезде төрт жыл бойы университет қабырғасында оқыған жастар еңбек нарығына қажетті біліктілікті меңгермей жатады. Бұл мәселені қандай да бір бағдарламамен шеше салуға келмейді. Себебі бұл мемлекеттің ел ретінде күшеюі, экономиканың өсуі, бәсекелестіктің артуы сынды дүниелерге тікелей қатысты.

Бүгінгі кезде өркениет процестері жылдам жүріп, түрлі жаңа мамандықтар да пайда болып жатыр. Келешекте қандай мамандықтар ерекше сұранысқа ие болуы мүмкін?

Жалпы қазіргі бетбұрыс – ақпараттық технологияларды меңгеру болып отыр. Бұл тек компьютер маманы деген сөз емес, кез келген сала бойынша жұмыс атқаратын адам, сол саладағы ақпараттық технологияны өз кәдесіне жарата алатындай деңгейде болғаны жөн. Яғни, мұғалім болсын, дәрігер болсын, инженер болсын өз саласындағы түрлі бағдарламаларды пайдалана білуі қажет. Өкінішке қарай, білім беру жүйесінде әлі бір реттіліктің болмауына байланысты, бұл жағынан көп артта қалып отырмыз. Сондықтан да оқуға түскен жас азаматтар олар өздігінен ізденіп, «менің осы саламда қандай ақпараттық технологияларды білуім керек» деп ізденбесе, университеттегі біліммен шектеліп қалатын болса, кейін өзі қалаған жұмысқа орналаса алмайды. Тағы бір айта кететін нәрсе, бітірген мамандығым бойынша жұмыс істеуім керек деген біздің қоғамда қатып қалған қағида бар. Бұл консервативті ұстаным қазіргі заманда кедергі болады. Еңбек нарығына шыққан кезде жастарға икемді, әрі жаңашылдыққа дайын болу жағы жетіспей жатады.

Бұл ретте техникалық-кәсіптік білім беру мекемелерінің базасын нығайту қажеттілігі бірінші орынға шығатын шығар?

Әрине, бұл да қолға алынып жатқан жұмыс. Кәсіптік білім берудің сапасын көтеру туралы жиі айтылып та жүр. Қазір өздеріңіз білетіндей, дуалды білім беру деген жүйе бар. Бұл білім беру процесін еңбек тәжірибесімен ұштастыру, яғни осы салада жұмыс істейтін кәсіпорынмен біріге отырып маман дайындау. Бұл нарықтың талабы тұрғысынан алғанда құптарлық нәрсе.

Жақында еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің өзі орта жастан асып кеткен азаматтарға арналған көшпелі білім мекемелерін ұйымдастыру туралы, оларға кәсіптік білім беру туралы шараның қолға алынғанын жариялады ғой. Бұл қаншалықты пайда әкеледі?

Министр айтқандай, шаруа өз деңгейінде орындалып жатса, әрине, қуанышты болар едік. Бұл жерде ең бастысы - науқаншылдыққа салынып кетпеу. Біздегі бір кемшілік - мемлекеттік бағдарламалардың сандық көрсеткіштердің «құрбанына» айналуы. Яғни жұмыстың нәтижесі тек бағдарлама қамтыған адам санымен, жұмсаған ақшамен және іс-шараның санымен бағаланып жатады. Ал атқарылған жұмыстың сапалық көрсеткіштері беймәлім болып қала береді. Негізі елімізде еңбек нарығы бойынша дисбаланс бар екенін мойындауымыз керек. Бір жерде еңбек күші бойынша сұраныс көп болса, бір жерлерде ұсыныс жағы басым. Бірінші кезекте осы екі сәйкессіздікті теңестіру бойынша жұмыстар жасалуы керек. Мысалы, аудандық, ауылдық жерлерге барсаңыз, таксист болып жұмыс істеп жүрген жастар өте көп. Сұрасаң жұмыс жоқ дейді. Ал банктерге, кәсіпорындарға, басқа да үлкен мекемелерге барсаңыз, бәрінің іздеп отырғаны білікті маман. Бұл дисбаланспен күресу арнайы мамандандырылған, дәл сол аймақтың ерекшелігін ескеретін бір жоспарлы жұмыс керек. Яғни, мұны мемлекеттік деңгейдеорталықтандырылған бағдарлама арқылы емес, тікелей әкімдіктерге жауапкершілік арту арқылы шешу керек. Тоқетерін айтар болсақ, еліміздегі еңбек нарығы дағдарыс алдында тұр деп дабыл қаға қоюға келе қоймас, дегенмен жайбарақ та отыруға болмайды.

baq.kz