Сарапшылар бұқаралық мәдениет мәселелерін талқылады

Алматы қаласында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтында (ӘЭСИ) «Бұқаралық мәдениет пен жаңғыру: сын-тегеуріндер мен келешек» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті. Бұл туралы «Қазақ үні» ұлттық порталының тілшісі хабарлайды.

Дөғгелек үстелге қатысушылар еліміздегі жаңғыру жұмыстары аясындағы отандық бұқаралық мәдениеттің рөлі мен заманауи мәдениеттің ел іші мен шет елдердегі адамдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қаншалықты әсер ете алатындығы туралы пікір алмасты. Сонымен қатар, қазақстандық мәдениеттің мұқтаждығын ескере отырып мемлекет тарапынан нақты қанда қолдау шаралары жүзеге асырылу керектігі туралы да айтылды.

– Бұқаралық мәдениет мемлекет халқының рухани-мәдени дамуындағы деңгейлік көрсеткіш ғана емес, сонымен бірге, ол көптеген адамдардың талғамын, мәдени қажеттіліктерін, ойлау жүйесін дамытады. Бұқаралық мәдениетте қалыптасқан образдар заманауи қоғамның қалыптасуына әсер етеді. Алайда бұқаралық мәдениеттің біртұтастықты сақтаудағы оң әсері тек жеке мәдени кодтың барында ғана мүмкін болады, бұқаралық мәдениет дәстүрлі қалып пен әлемдік жаһанданудағы жаңа тенденциялар арасындағы байланыстырушы болуы керек, – деді пікірталас барысында ӘЭСИ Алматыдағы кеңсесінің жетекшісі Асқар Нұрша.

Сарапшының сөзінше, елімізде тұрып жатқан ұлттардың дәстүрлі мәдениеті мен жаһандану әсерінен күшейіп келе жатқан замануи тенденциялар арасындағы байланыстырушы ретіндегі бұқаралық мәдениет Қазақстандағы қоғамдық өмірдің негізгі бөлігіне айналып барады.

– Дәстүр мен заманауи үрдістердің астасуы қазақстандық қоғам өмір сүріп жатқан мәдени ландшафты қалыптастырды. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында Қазақстанда атқарылып жатқан саяси және экономикалық жаңғыру қоғамдық сананың жаңғыруынсыз өтуі мүмкін еместігін айтты. Қоғамдық өмірді жаңғырту саяси және экономикалық жаңғырудың басты негізі болуы керек, – деді Асқар Нұрша.

Пікірталасқа белгілі қазақстандық сарапшылар, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысады. Олардың қатарында: Әсия Байғожина, режиссер; Олег Борецкий, киносыншы;  Арман Саин, суретші; Диана Снегина, телерадиожүргізуші; Ақылхан Алмасов, әртіс және т.б.

www.qazaquni.kz