ЕЛБАСЫ САПАРЫ – ТҮЙТКІЛДЕРДІ ШЕШУ ЖОЛЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа жасаған сапары еліміздің сыртқы саясатына айтарлықтай маңыз беріп, стратегиялық бет-бейнемізді айбынды ете түсті. Қазақстанның Орталық Азиядағы іргелі ел екенін, өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылыққа байланысты көп шаруаны шеше алатынын мойындаған АҚШ президенті Дональд Трамп мемлекет басшысын қоңыр күздің басында шақырған. Ресми сапардың сәті – 2018 жылдың қаңтарында түсті. Әрі Нұрсұлтан Назарбаев – жыл басталғалы Ақ үйге барған алғашқы президент екенін де айта кету парыз. АҚШ президентімен келіссөз жасап, екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылаған Елбасы батыл мәлімдемелерімен де әлем жұртшылығын өзіне қаратты. Тараптар алдағы уақытта саяси-экономикалық қатынастарды нығайта түсуге уағдаласып қоштасқан. АҚШ сапары барысындағы тағы бір елеулі қадам – Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуі. Елбасы Қауіпсіздік кеңесінің отырысын басқарып, әлемді алаңдатқан ядролық қару және терроризммен күресу жолдарын ұсынды. Тиісінше Президент бастамасы қатысушы елдер тарапынан қызу қолдау тапты. Осы ретте мемлекет басшысының мәлімдемелері және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мән-маңызы туралы отандық сарапшының пікіріне жүгінген едік.

Жұмабек САРАБЕКОВ,  Тұңғыш Президент қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

–Ең алдымен Қауіпсіздік кеңесіне төраға болу – Қазақстан үшін Орталық Азия аймағының мәселерін әлемдік деңгейде көтеріп, өңірде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге жаңа қадам жасау деген сөз. Бұл міндет бізге аймақтық мәселелердің әлемдік деңгейде өзектілігін арттыруға мүмкіндік береді. Тиісінше, әлемдік іргелі ұйымның қауіпсіздік кеңесіне төрағалық ету Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырады. Біздің ел осындай мәртебеге ие болып отырған Орта Азиядағы тұңғыш мемлекет. Бүгінгі күнде қауіпсіздік кеңесіне мүше болмаған дүниежүзінде 60-тан аса мемлекет бар. Сондықтан бұл тарихи жағдайды біздің дипломатияның жетістігі деп айтсақ болады. Тағы бір айта кетерлік жәйт – іскерлік тұрғыдан қарасақ, бұл оқиға Қазақстан дипломаттары үшін үлкен тәжірибе. Бұл міндет аясында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің көптеген қосымша ұйымдарына төрағалық етеміз. Мұның бәрі еліміздің беделін биіктетеді, саяси қызметіне сәуле түсіреді.

Қазақстанның мүшелікке сайлануы – аймақтық және ғаламдық қауіпсіздікке қосқан үлесінің мойындалуының нәтижесі деп айтсақ болады. 1991 жылдан бері көптеген қадамдар жасай алдық. Тәжікстандағы соғысты  реттеу, Таулы Қарабахтағы қақтығысты бейбіт жолмен шешу бойынша одан бөлек Азиядағы қауіпсіздік мәселелерін бірлесіп шешу тұрғысынан бірқатар бастамаларды ұсындық. Ең бастысы біз әлемдегі жойқын күші бойынша төртінші болып саналатын ядролық арсеналдан өз еркімізбен бас тарттық. Мұндай күшті қарудан бас тартуды сөзсіз үлкен ерлік деп айтсақ қателеспейміз. Тәуелсіздік ала салысымен жер бетіндегі ірі полигондардың бірі Семей ядролық полигонын жаптық. Кейіннен біз Ауғанстанға көптеген гуманитарлық көмек көрсеттік.

Қазақстан сыртқы саясат бойынша көпвекторлық бағытын ұстанып келе жатыр. Ол саясат өз жемісін беріп те жатыр. Сондықтан алдағы уақытта да осы бағыт жалғасын табады ғой деп ойлаймын. С5+1 форматы дұрыс пайдаланылатын болса, аймақтағы қордаланған мәселелерді шешетін позитивті әлеуеті бар жоба болмақ. Экономикалық интеграция, су мен шекара мәселелерін талқылау үшін С5+1 диалог алаңы көп мүмкіншілік сыйлайды.