Үшке толған одақ туралы үш ауыз сөз

2014 жылдың 29 мамырында қол қойылып, Кеден одағы базасында құрылған Еуразиялық экономикалық одаққа тура үш жыл толды. Одақ өз жұмысын 2015 жылдың 1 қаңтарында бастаған болатын. Осы уақыт ішіндегі деректерге қарап отырып, экономикалық ынтымақтастықтың қай деңгейде өрбігенін бағамдауға болатын секілді.

ЕАЭО аясында территориялық тұ­тастыққа, саяси еркіндікке алаңдауға еш негіз жоқ. Бұл – таза алыс-беріс, сауда-саттықтың өркен жаюы үшін құрылған ұйым. Ендеше, үлкен нарықтың мүмкін­дігін еркін пайдаланып, экономикалық әлеуетімізді арттыруға әбден болады. Одақтың тұсауы кесілген мезетте, мем­лекет басшылары – «ортақ нарық ая­сында бәсекелестіктің артуы – тауарлар мен қызметтер сапасын арттырады» деп мәлімдеген болатын. Бұған толық негіз де бар. 180 миллиондық алып нарықты қамтыған одақ мемлекеттерінің ен­ші­сіне дүниежүзі бойынша зерттел­ген қаз­ба байлықтың төрттен бірі тиесілі. Энергоресурстар қорынан да кенде емес. Елдердің өнеркәсіптік қуаты да жетер­лік. Одақ аясында енгізілген жеңіл­діктер, бірыңғайланған сыртқы тари­фтер, ке­дендік шекаралардың ашы­луы, баж салығының жойылуы кәсіп­орындардың дамуына тың серпін берді.

Бірінші…

Сандар сыр ашты. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәлі­меті бойынша, 2017 жылы Қазақ­станның ЕАЭО елдерімен өзара тауар айналымы 15 599,2 млн долларды құраған. Көрсет­кіш – 2016 жылдың қаңтар-қарашасымен салыстырғанда 28 пайызға жоғары. Экс­порттың көлемі – 4600,3 миллион доллар. Сыртқа тауар тасымалдау – 31,3 пайызға өсіпті. Им­порттың жалпы құны – 10 998,9 миллион долларға жеткен. Пайызға шаққанда 26,7 пайызға көтерілгенін байқаймыз. Өйткені 2016 жылғы импорт көрсеткіші 9,6 миллиард доллар болыпты. Одақ елдерімен Қазақстанның сыртқы сауда айналымының 92,3 пайызы Ресейге тиесілі. Елімізге экономикалық серіктес болудан екінші орында – Қырғызстан (4,2%), үштікті Беларусь (3,5%) түйіндейді. Жалпы, 2017 жылғы сыртқы сауда ай­налымы 69 450,1 млн долларға бір-ақ жеткен. Бұл – 2016 жылмен салыстырғанда 25,1 пайызға жоғары екенін аңдаймыз. Қаң­тар айының ба­сында, Үкімет отыры­сында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов былтыр негізгі капиталға салынған инвестицияның 5,5 пайызға артқанын хабарлады. Қазақстан былтыр 15,7 млрд шетелдік инвести­цияның кө­мегіне жүгінсе, соның 935,1 млн доллары ЕАЭО елдерінен келген. Осылайша, одақ елдерінен келетін тікелей шетелдік ин­вестиция 40,8 пайызға жоғарылаған. Қа­зақстан экономикасының одақтық про­цестер нәтижесінде өзгеріске ұшы­ра­уы­на қатысты сарапшылар да пікір білдірді.
– Қазақстан нарығы үлкен емес. Осы ортақ нарықты пайдалану арқылы біз өз тауар­ларымызды Армения, Ресей, Бе­ларусь, Қырғызстан нарығына еркін экс­порт­тай аламыз. Ортақ нарықтан бө­лек басқа да макроэкономикалық мәсе­лелерді бірігіп реттеу мүмкіндігіне ие бо­ламыз. Мысалы, еңбек нарығына бай­ланысты. Сонымен қатар цифрлы экономикаға бірге көшу туралы келіс­сөздер жүріп жатыр. Ортақ өндіріс-өнер­кәсіптік саясат жүргізу туралы да ұсыныстар айтылуда. Яғни, біз қандай да бір экономикалық даму бойынша тапсырмаларды бірге шешуге мүмкіндік ала­мыз. Басты мүмкіндіктер – осылар. Бірігіп жұмыс істеу – дағдарысқа қарсы тұ­рудың стратегиясы іспетті, – дейді Тұң­ғыш Президент қоры жанындағы Әлем­­дік экономика және саясат инсти­ту­тының сарапшысы Жұмабек Сарабеков.

Кеден кодексінің кереметі неде? Одақ ая­сында экономикалық даму қарқынды жү­ру үшін әлбетте кедендік шаруалар ше­ші­мін табуы тиіс. Осы мақсатта биылғы жыл­дың 1 қаңтарынан бастап жаңа Кеден­дік кодекс туралы шарт күшіне енді. Оны бес мемлекеттің заң шығарушы органдары ра­тификациялады. Еуразиялық эко­но­ми­ка­лық комиссиясы баспасөз қызметінің мә­лімдеуінше, Кедендік кодекс одақтың сырт­қы экономикалық қызметін реттеу жүйе­сін цифрландыруды қалыптастыруы тиіс. Сарапшы Жұмабек Сарабековтың ай­туын­ша, қазір елдер арасында тарифтік ба­рьерлер жойылғанымен, тарифтік емес ба­рьерлер әлі кедергі келтіруде.
– Кедендік кодекс белгілі бір деңгейде та­рифтік емес барьерлермен күресуге ба­ғыт­­талған. Кодекстің басты мақсаты – ЕАЭО аймағындағы тауар айналымын оң­т­айландыру, яғни кедендік операциялар бойын­ша ортақ ұстаным қалыптастыру. Одақ­қа шеттен импортталған тауар немесе одақ аумағында өндірілген тауарлар ай­налымын реттеу бойынша шешімдер қа­ра­с­тырылған, – дейді сарапшы. Қазақстандық мем­лекеттік-жекеменшік әріптестік ор­та­лы­ғының сарапшысы Азамат Нұрсейітов­тың айтуынша, жаңа кодекс отандық биз­нес үшін қолайлы болуы мүмкін.

– Жаңа кодекс ережесі бойынша тауар­дың шығарылу уақыты бір тәуліктен 4 са­ғат­қа дейін қысқартылып отыр. Кедендік ба­қылау тауар шығарылымынан кейінгі ке­зеңге ауысады. Кәсіпкер кедендік төлем­дер­ді өткізу уақытын кейінге шегере алады. Жаңа заңдық мүмкіндіктер тәжірибеге «бір те­резе» механизмін енгізіп, ішкі эко­но­ми­ка­лық қызметтер жүйесін қадағалау сапа­сын арттырады. Қазақстанның мемлекеттік ор­гандары бұл тамаша мүмкіндікті пай­да­ланып, ЕАЭО нарығындағы бизнеске жаса­ла­тын жағдайды жақсарта алады деп үміт­тенемін, – дейді Азамат Айтқалиұлы.
Сарапшының сөзінше, жаңа кодекстің IT мүмкіндіктерді ескеруінің арқасында, кә­сіпкер электронды цифрлы қолтаңба қал­дыру кезінде кедендік органның ақпа­рат­тық жүйесімен бірлесе отырып, интернет ар­қылы көптеген операцияларды жүзеге асы­ра алады. Электронды декларацияның тол­тырылуы да бизнес иесіне көп жеңіл­діктер сыйлайды. Қандай құжаттың қажет, қажет еместігін де кеден қызметкері емес, ақпараттық жүйе анықтап береді.

Екінші…

Жоғарғы инфляция, төменгі жалақы… шын­дыққа жанаса ма? Мемлекеттердің ор­та­лық банкі және статистика комитеттерінің мә­ліметі бойынша одақ елдерінің ішінде ең төменгі жалақы көлемі – Қазақстанның ен­шісінде. Ресми мәліметте «көрсеткіш биыл 28 мың теңгеге тең. Өткен жылмен са­­лыстырғанда 14 пайызға өскен» деп кел­тіріл­ген. Дегенмен сарапшылар дәл бұл пікір­мен келіспейді. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия баспасөз қызметі ұсын­ған дерекке сүйенсек, еліміздегі инфля­ция көлемі 2017 жылғы қорытынды бойынша басқалардан «оқ бойы озып кет­кен»: 7,1 пайыз. Бұл ретте Армениядағы ин­фляция – 2,6%, Беларусь елінде – 4,6%, Қыр­ғызстанда – 3,7%, Ресейде – 2,5%.
– Қазақстан – экономикалық әлеуеті бойын­ша ЕАЭО-да Ресейден кейінгі екінші орында тұрған мемлекет. Ең төменгі жалақы бізде деген ақпаратпен келіспеймін. Бұл де­ректерді қайта қарастыру керек. Негізі ин­фляция – бір ғана көрсеткіш, одан бөлек бас­қа да көптеген экономикалық инди­ка­торлар бар – ішкі жалпы өнім көлемі, бюд­жет тапшылығы, мемлекеттің сыртқы қа­рыз­дары, бизнеске берілген мүмкіндіктер, қан­дай ресурстары бар деген сияқты. Мы­салы, ЕАЭО бойынша ең төменгі салық дең­гейі – Қазақстанда. Одақ ішінде салыс­тыр­малы түрде Қазақстан – бизнес үшін ең қо­лайлы мемлекеттердің бірі, – деп пікірін айт­ты сарапшы Ж.Сарабеков.
Азамат Нұрсейітовтың ойынша, ин­фля­ция бізде жоғарылағанымен, тұтынушылық баға­лар өсімінің қарқыны төмендеп жатыр. ЕАЭО мүше-елдері үшін инфляцияның тө­мен­гі шектік мәні 2017 жылы 7,5 пайызды құра­ғанын ескерсек, Қазақстанды мак­роэ­кономикалық тұрақтылық аймағында тұр деп санауға негіз бар. Демек, Қазақстан жыл қо­рытындысы бойынша, одақтың келісімде бе­кітілген инфляция деңгейінен асып кет­кен жоқ.
– Төменгі жалақы мәселесіне келсек, Қа­зақстандағы орташа айлық жалақы бы­л­тыр 459 доллар болды. Бұл көрсеткіш Ре­сей­де – 670, Беларусьта – 422, Арменияда – 402, Қырғызстанда 216 долларды құрайды. Осы­ған қарап отырып Қазақстандағы жалақы тек Ресейге ғана жол бергенін байқаймыз. Бі­рақ басқа елдерден жоғары. Сосын был­тыр бізде орташа айлық жалақы 5,1 пайызға өс­кен. Бұл Арменияда – 2,9, Ресейде – 7,2, Бе­ларусь елінде – 12,6, Қырғызстанда 6,7 пайыз­ға көбейіпті. Сол себепті, Қазақ­стан­ның жалақы тұрғысынан ұнжырғасы түседі деп айта алмаймыз, – дейді Азамат Нұрсейі­тов.
Қазақстанның қаржылық мүмкіндігінің шат­қаяқтап тұруы – бірінші кезекте әлемдік мұнай бағасының құбылмалы болуынан. Егер қазақстандық экспорттық тауарларға іш­кі сұраныс артса, отандық бизнес бәсе­ке­ге қабілетті бола алса, мемлекет әділ эко­но­микалық саясат жүргізсе жалақы, жал­пы қаржылық ахуалға қатысты дәр­мен­сіз­дікті де шешуге болады. Мамандар осы­лай дейді.

Үшінші…

Одақ мүмкіндіктерін өз мүддемізге қа­лай пайдаланамыз? Гәп осында. Ол үшін эко­номикалық тұрғыдағы қабілеттілік ар­тып, Қазақстан мейлінше экспортқа иек ар­туы тиіс. «Бұл жердегі ең басты мәселе – қазақстандық тауарлар үшін әріптес­тері­міз­дің нарығындағы тарифтік емес кедергілерді жою бойынша шаралар қабылдау» дейді мамандар. Жұмабек Сарабековтың ай­туын­ша, тарифтік емес барьерлердің кесірінен, қа­зақстандық кондитер және арақ өндіру­ші­л­ері Ресей нарығына шыға алмай отыр.
2017 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өні­мі (ЖІӨ) көлемі 4 пайызды құрады. Бұл тура­лы 11 қаңтарда министр І.Сүлейменов мәлімдеген. «Былтыр Қазақстан эко­но­ми­ка­сы қайта қалпына келу белсенділігін жо­ғарылатып, ел экономикасының екпіні арт­ты» деген еді министр. Сауда секто­рын­дағы өндірістің кеңеюі, инвестициялық бел­сенділіктің биіктеп, ішкі сұраныстың бір­тіндеп қалпына келуі ЖІӨ-нің еңсесін тік­теуіне негіз болған. Одақтағы басқа ел­дерге назар салсақ, Қырғызстанның ЖІӨ көр­сеткіші – 4,5 пайыз, Армения 5,8 пайыз­ды еңсерген. Біріккен Ұлттар Ұйымының «Әлемдегі экономикалық ахуал және оның ке­лешегі. 2018 жыл» атты баяндамасында 2018 жылы Арменияның ЖІӨ көрсеткіші 3,5 пайызға жоғарылайды деп болжанған. Бе­ларусь мемлекетінде бұл жағдай – 2,1 пайыз маңайында ғана. Ресейдің ЖІӨ-сі – 1,7 пайыз. Сарапшының айтуынша, одақ­тың пайдасын сезіну үшін әлі бірқатар шаруа­лардың түйінін тарқату қажет.
– Ортақ кедендік аймақ құрылды, сырт­қы және өзара сауда айналымын бақылай­тын Еуразиялық экономикалық комиссия не­гізіндегі орган бар. Бірақ мұның бәрі әлі де болса ортақ нарықты қалыптастырып тас­тады деп айтуға келмейді. Ортақ на­рық­ты құру бойынша жұмыстарды 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен атқару керек. Еура­зия­лық даму банкі жүргізген сауалнама бойын­ша, Қазақстан бизнесі Ресей мен Бе­ларусь нарығында кедергілерге жиі тап бо­лады. Сол себепті, Қазақстан ЕАЭО-дан мы­надай үш шарт бойынша пайда көруі ке­рек: Біріншісі – саудадан тысқары ке­дер­гілерді жою. Екінші – сөз жүзінде емес, іс жүзінде ортақ нарықтың жұмыс істеуі. Үшін­ші – ЕАЭО елдері бір-біріне сеніп, ке­лісіп жұмыс жүргізуі керек. Осылай бол­ғанда ғана өңірлік ынтымақтастық арта тү­седі. Бұл ретте мемлекеттік органдар биз­неспен, банктермен, эксперттер, сарап­шы­лармен тығыз байланыс жасай отырып, мақ­саттарды жүзеге асырғаны жөн, – деді А.Нұрсейітов.
Жуырда The Heritage Foundation аме­ри­калық қоры зерттеу жүргізіп, мемлеке­т­тер­дің «экономикалық еркіндігінің индексін» жа­риялаған. Экономикалық еркіндік биз­неске қолайлы жағдай жасауды басты көзір ете отырып, зерделенеді. Бұл рейтингте Қа­зақстан – 41-орында. Одақ елдері ішінен Ар­мения – 44, Қырғызстан – 78, Ресей – 107, Беларусь 108-орынға жайғасыпты. Бұл да көңілге медеу.

aikyn.kz