БЕЙБІТШІЛІКТІҢ БАҒАСЫН СЕЗІНУ ҚАНША ТҰРАДЫ?

Саясаттанушы Жұмабек Сарабеков «Сирияға кеткендер саяси үгіттің құр­баны» деп есептейді.

– Сирия мен Ирак аумағындағы ДАИШ ұйымының «PR стратегиясы» өте жақсы жасалған. Олар әлем мұсылман­дарын шариғат заңдарын толық ұста­натын, әділеттілік қағидасына сүйенген мемлекетке шақырып, үндеу жолдады. Бірақ аталған өңірде жүргізілген әлемдік зерттеулер ол жерде адам саудасы кең та­ралғанын, азаматтарды сотсыз өлім жа­засына кесу сияқты жағдайлардың қа­лыпты құбылыс екенін дәлелдеді. Ресей Сириядағы терроризмге қарсы күрес жеңіспен аяқталғанын хабарлады.

Бұл жерде АҚШ бастаған антитеррорлық коалицияның да үлесін атап өту керек. Қазір ДАИШ күштері өзінің әскери-саяси әлеуетін толықтай жоғалтты. Территориясының басым бөлігінен айырылған лаңкестік ұйым сарбаздары Таяу Шығыстағы саяси тұрақсыз елдерге, Африка мемлекеттеріне, Ауғанстанға бет түзеуі мүмкін. Бірақ мұнымен Таяу Шығыстағы халықаралық терроризм қаупі жойылды деп айта алмаймыз. Ол құбылыс ретінде қалып отыр және көлемі өсіп келе жатыр.

Мұны Еуропа мемле­кеттерінде болған лаңкестік оқиғалардан көруге болады. Терроризмде байқалатын бір тренд – жалғызбасты лаңкестер феноменінің пайда болуы. Олар ойға алған қылмысын белгілі бір топ көмегін­сіз, жалғыз жүріп жүзеге асырады. «Ор­талық Азия аумағына соңғы уақытта 500-ден астам лаңкестік ұйым содырлары оралған» деген дерек бар. Әскери іс-қимылдарға қатысқан азаматтар еліне қайтқан соң, өзінің тәжірибесін жат мақсатта пайдаланып, терроризм қаупін күшейтуі мүмкін. Сондықтан бұл тұста оларға оңалту шараларын дұрыс жүргізу өте маңызды.

aikyn.kz