ШЫҰ-ның бұл саммиті ұйымның әлемдегі рөлін нығайтудағы маңызды кезеңге айналды

Антон БУГАЕНКО, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы: «Ұйымның салмағы артты».

ШЫҰ-ның бұл саммиті ұйымның әлемдегі рөлін нығайтудағы маңызды кезеңге айналды. Пәкістан мен Үндістанның ұйым құрамына енуі –ШЫҰ-ның әлемдік аренадағы салмағын арттырды. Бұл елдердің өзара қақтығыс пен наразылықтарын ұйым шеңберінен шығару туралы шешімі ШЫҰ-ның ары қарай дамуына даңғыл жол ашты. Енді ШЫҰ – тек Орталық Азиядағы беделді күш қана емес, BRICS, G7, G20-мен қатар тұратын ірі әлемдік ұйым. Ең алдымен, ол Еуразия құрлығындағы қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ықпалды ұйымға айналды. Ұйымға ірі державалармен қатар, орта мемлекеттердің мүше болуы жан-жақты пікірді ескеруге мүмкіндік береді.

Осылайша, ШЫҰ еуразиялық кеңістік саясатында құры­лықтық мемлекеттердің үніне айналады. Бұл ретте ШЫҰ-ның Орталық Азиядағы рөлі төмендемейді. Керісінше, ұйымның жаңа мүшелері аймақтың күн тәртібінде тұрған мәселелеріне, әсіресе ауған мәселесінің шешілуіне үлес қоса алады. Оңтүстік Азияның ШЫҰ-ға мүше болуы оның Ауғанстан мәселесіне басымдық беруіне ықпал етеді, өйткені Орта Азия және Оңтүстік Азия елдері ынтымақ­тастығының дамуы осы мемлекеттегі тұрақтылыққа тікелей тәуелді. Қазақстан соңғы жылдары Ауғанстан мәселесіне үлкен мән беруде, сондықтан ШЫҰ аясындағы ынтымақтастық Астананың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі Талибан мен Ауғанстан жөніндегі комитет төрағалығы барысында жасаған бастамаларына пайдалы болмақ.

Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру мен қауіпсіздіктің басқа да мәселелерін шешуде ШЫҰ-ның экономикалық жағдайы үлкен маңызға ие. Ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы экономикалық байланысты нығайту Еуразияның әртүрлі аймақтарының бірігуіне ықпал етпек. Бұл жерде инфрақұры­лымдық жобалар да, өзара сауда-саттықты нығайту да маңызды.

Соның ішінде әртүрлі елдердің даму бағдарламаларының басын біріктіріп, Орта Азиядан – Оңтүстік Азияға көліктік дәліз қалыптастыратын қытайлық «Бір жол – бір белдеу» бастамасын ерекше атап өту керек. Бұл жобаның күрделілігіне қарамастан, оның жүзеге асуына ШЫҰ елдерінің барлығы мүдделі.

Ү.ЖАПАР

aikyn.kz