Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы

Қазақстан мен Қытайдың өзара тиімді ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді. Бұған Нұрсұлтан Назарбаевтың аспан асты еліне мемлекеттік сапары нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтар негіз болып отыр. Қазақстан үшін Қытай маңызды сауда-экономикалық әріптес. Бүгінде Халық Республикасы отандық тауарларды ірі импорттаушылардың бестігіне кіреді. Бейжіңдегі келіссөздерде көтерілген тақырыптардың бірі – фитосанитарлық және ветеринарлық нормаларда бірыңғай стандарттарды енгізу. Сарапшылардың пікірі бойынша, бұл шешім Қытайға жеткізілетін ауылшаруашылық тауарларының көлемін ұлғайтуға сеп болмақ. 2017 жылдың қорытындысы бойынша, аспан асты еліне 180 млн доллардың агроөнімдері экспортталған.

Жұмабек Сарабеков, ӘЭСИ сарапшысы: «Қытай нарығында органикалық ауылшаруашылық өнімдеріне үлкен сұраныс бар. Біз сапалы ет пен өзге де агротауарларды жеткізе отырып, олардың сол сұраныстарын қанағаттандыра аламыз. Қытайлық тарап сапасына сай бағаға келісіп отыр. Қос тарап химия, машина жасау және энергетика салаларында  инновациялық жобаларды іске асыру бойынша жоғары деңгейде келісім жасасты. Қазақ елі Қытайға бұған дейін таза бидайды экспорттаса, енді оны терең өңдеу бойынша бірлескен кәсіпорын ашпақ. Дәнді дақылдан инновациялық полимер материалдар, пластик алынатын болады. Жобаға 2,5 миллиард долларға жуық инвестиция тартылады».

kazakh-tv.kz