Ердоғанмен өтетін жаңа бесжылдық

Түркияда өткен Президент сайлауының алғашқы кезеңі биліктегі мемлекет басшысы Реджеп Ердоғанның жеңісімен аяқталды. Президент лауазымындағы қызметінің екінші мерзімін бастайтын саясаткер сайлауда 31 пайыз қолдау жинаған қарсыласы Мұхаррем Инжені 53 пайыз көрсеткішпен басып озып, елді 2023 жылға дейін басқару мүмкіндігін алды. Сайлау комиссиясының басшысы Сади Гювеннің пікірінше, дауыс беру бюллетендерінің 99 пайызы есепке алынған. Сондықтан қолда бар қорытындыларға сүйеніп, Реджеп Таиб Ердоғанды айқын басымдықпен жеңіске жетті деуге толық негіз бар. Өзі басқаратын партияның штаб-пәтері терезесінен «81 миллион халықтың әрқайсысы жеңімпаз» деп айқайлаған
Түркия басшысы ескі жұмысын, жаңа құзыретпен жалғастырады.

Парламенттік сайлаудың алдын ала қорытындысы бойынша, Реджеп Таиб Ердоған басқаратын «Әділет және даму» партиясы 42% дауыспен, заң шығарушы органдағы ең көп орынға ие болса, Мұхаррем Инженің Республикалық халықтық партия­сы (CHP) 23 пайыз қолдаумен екінші орынға табан тіреген. Мемлекеттік Анадолы ақпа­рат­тық агенттігі ұсынған дерекке сәйкес, Ұлттық қозғалыс партиясы (MHP) – 11 пайыз, Күрдшіл Халықтық демократиялық партиясы (HDP) 12 пайыз дауыс иеленіп, Парламенттен 67 орын алғалы тұр. Түркия ақпараттық құралдары сайлауға халықтың 87 пайызы қатысқан деген мәлімет таратты.

Өткен жылы Түркия Конституциясына енгізілген бірқатар өзгерістер мен толықты­ру­ларға сәйкес, мемлекет парламенттік жүйеден президенттік басқару үлгісіне ойысып, Парламент депуттарының саны артты. Құқықтары кеңейтілген Президент енді министрлер мен жоғары шенді қызмет­керлерді өзі тағайындайды. Сарапшы Жұмабек Сарабеков өткен жылғы өзгеріс­терге шолу жасап, Ердоғанға үстемелен­ген жаңа міндеттерді санамалап берді.

– Сайлаудан кейін Түркияның саяси өмірінде үлкен өзгерістер болады. Өйткені сайлаудан соң конституциялық өзгерістер күшіне енеді. Мемлекеттің басты заңына енгізілген түзетулердің басты мәні – Түркияны парламенттік басқару жүйесіндегі елден президенттік республикаға айналдыру. Президентке жүктелетін жаңа міндеттерді атасақ, ол енді заң шығару бастамасына ие болады. Яғни, мемлекет басшысы заңдық күші бар Жарлықтар шығара алады. Премьер-министр шені жойылып, барлық министрлер Реджеп Ердоғанға бағынады. Одан бөлек, Түркия басшысына Парламентті тарату құқығы берілген. Жаңашыл бағытты жақтайтын билік саяси жүйедегі өзгерістер Түркияның алдында тұрған экономика мен қауіпсіздік саласындағы қиындықтарды шешуге көмектеседі деп сенеді.

Соңғы жылдары Батыс басылымдарының жіті назарында болған Түркия президентінің Еуроодақпен шиеленісті қарым-қатынасы, «мемлекеттік төңкеріс» оқиғасынан кейінгі жаппай қудалау мен тұтқындауға байланысты құқық қорғау ұйымдарының наразылығы елдегі көңіл-күйге әсер еткені анық. Саясаттанушы Жұмабек Сарабеков Реджеп Таиб Ердоғанның сайлауда айқын басымдықпен жеңіске жету себебін өткен жылдардың жетістіктерінен іздейді.

– Ердоғанның саяси бағдарламасы үш негізгі бағытқа құрылған. Ердоған жетек­шілік еткен «Әділет және даму» партиясының жетістіктерін алға тартып, өзі билікте болған кезде Түркия бағындырған белестерді халықтың есіне салды. Біріншіден, осы жылдар ішінде түрік экономикасының ауқымы кеңейіп, әлемдік нарыққа сәтті интеграция жасады. Екінші назарға алынған дүние – терроризмге қарсы күрестегі жеңістер. Бұл тұста Сирияның солтүстігі мен Ирактағы түрік әскерінің күрдтерге қарсы күрестегі нәтижелі операцияларын атауға болады. Үшіншіден, Ердоған өзіне қарсы бағытталған «Батыс наразылығын» өз мақса­тына пайдалана білді. Ол Батыс мемлекет­те­рі­нің билікті айыптау әрекеттерін «Батыс елдері біздің ішкі ісімізге араласқысы келеді. Мұны болдырмау үшін маған дауыс беруле­рі­ңіз керек» деп, бұл оқиғаны ел азаматтарын біріктіру үшін тиімді қолдана алды. Оппо­зи­цияның бірлесіп, бір кандидатты ұсынбаған бытыраңқылығы да өз рөлін ойнады. Түркия­да соңғы жылдары оппозиция әлсі­реп келе жатқанымен, оны «жоқ» деп айтуға болмайды. Мәселен, Мұхаррем Инже 30 пайыздан артық дауыс жинады, ол өткізген сайлауалды митингке 3-4 млн шамасында адам қатысты. Бұл – жақсы көрсеткіш. Дегенмен сайлау нәтижелеріне сүйеніп, Түркияда Ердоғанның жақтастары басым деген қорытынды жасауға болады.

Оппозиция өкілі Мұхаррем Инже сай­лау­дың әділ өтіп жатқанына күмән келтіріп, бақылаушылардың сайлау пунктерінде қалуын сұрады. Осындай пікірдің боларын алдын ала болжаған Реджеп Ердоған: «Ешкім өз сәтсіздігін жасыру үшін, сайлау нәти­желерінен күдіктеніп, демократияға нұқсан келтірмейтін шығар деп үміттенемін» деген еді. «Сайлау қорытындысымен келіс­пеу оппозиция үшін қалыпты жағдай, анығын білу үшін сол науқанға бақылаушы есебінде қатысқан халықаралық ұйымдардың есебін тыңдау керек» деген Жұмабек Сарабеков «ЕҚЫҰ тарапынан жасалған мәлімдеме айқын заңбұзушылықтар орын алмағанын көрсетті» дейді.

Ердоғанның билігін күшейтуге жол ашатын жаңа конституциялық өзгерістерді мемлекет басшысының саяси ықпалын сақтап қалу үшін қолға алған амалы деп бағалап, оның астарынан «авторитарлық режим» қаупін көретін сыншылардың басты сауалын біз де сарапшымызға қойдық.

– Кейбір еуропалық билік өкілдері Түркиядағы саяси өзгерістерді «автори­таризм­нің көрінісі» деп қарастырды. Ал Ердоған мен оның жақтастары мұны «демократияның жаңа кезеңі» деп атайды. Түркия – зайырлы мемлекет. Соңғы уақытта елдің дамуынан түбегейлі өзгерістерді байқауға болады. Мәселен, Ердоғанның тұсында кемализм бағытымен бірге келген «батыстық идеологияға баса назар аударып, дінді мемлекеттен алшақ ұстау керек» деген тетіктер қайта қарастырылып жатыр. Айта­лық, бүгінде Түркияның Еуро Одаққа мүше болуы екіталай. Оның үстіне, Түркияның қоғамдық өміріндегі діннің рөлі артып отыр. Қалыптасқан факторлар ел билігін «Қай жолмен жүрген дұрыс?» деген негізгі сұрақтың алдында қалдырды.

Түркияның бұрыннан таныс «су жаңа» президенті «Ертеңнен бастап, халыққа берген уәделерімізді орындау үшін жұмыс істей бастаймыз» деп мәлімдеді. Жұмысына білек сыбана кіріскелі отырған Ердоғанның ендігі бағдарын оның алғашқы сұхбаттарынан аңғару қиын емес. Reuters ақпараттық агенттігі 64 жастағы саясаткердің «3,5 млн босқын еліне оралуы үшін, түрік әскері Сирияны азат ету операциясын жалғасты­рады» деген пікірімен бөлісті. Жұмабек Сарабеков ежелден бауырлас Қазақстан мен Түркияның стратегиялық әріптестігі бұрынғыша жалғаса беретінін айтады.

– Түркия мен Қазақстан арасындағы саяси әріптестік ары қарай жалғасады. Қазақстан – Түркия үшін Орталық Азия­дағы маңызды стратегиялық әріптес­тер­ді­ң бірі. Қос тараптың арасында тығыз эконо­микалық байланыстар мен инвес­ти­циялық келісімдер бар. Бұл тұста Каспий арқылы өтетін транзиттік дәліздің әлеуетін толық жүзеге асыру бойынша басталған жұмыс­тар­ды да атап өтуге болады.

Түбі бір түрік халқы алдағы бес жылда өзін жаңа биіктерге бастайтын басшысын таңдады. Саясаттанушылардың бір бөлігі екінші мерзімін енді бастағалы отырған Ердоғанның Конституцияға енген өзгеріс­терге сәйкес, үшінші рет президент сайлауы­на түсу құқығы барын еске алып, «ол түрік мемлекеті тізгінін 2028 жылға дейін ұстауы мүмкін» деген ой айтады. Оған дейін уақыт та, кезек күттірмей шешілуі тиіс сындарлы міндеттер де көп. Бір жақсысы, Түркияның жаңа билігі әлемдегі қалыпты тәжрибеге сай, өзіне дейін болған басшы­ның мінін теріп, қолға алған бастамаларынан бас тартуға уақыт жұмсап, әуре болмайды. Кеше де, бүгін де, ертең де бұрынғы қалыппен жұмыс істей береді.

Динара Тілеубек

aikyn.kz