2017 жылғы 19 қаңтарда Алматыда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) Алматыдағы ҚХР Бас консулдығымен бірлесіп ұйымдастыруымен «Жібек Жолы Экономикалық Белдеуі мен Нұрлы

Дата события: 
19 January 2017

2017 жылғы 19 қаңтарда Алматыда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) Алматыдағы ҚХР Бас консулдығымен бірлесіп ұйымдастыруымен «Жібек Жолы Экономикалық Белдеуі мен Нұрлы жолдың түйісуі: даму жағдайы және әлеуеті»  халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Бұл басқосу Қазақстан мен Қытай арасында ресми дипломатиялық байланыс орнауының 25 жылдығына арналды.

Жиын мәдени-білім беру, экономикалық, сондай-қауіпсіздік саласында қытай-қазақстан қарым-қатынасының өзекті мәселелерін талқылау мақсатын көздеді.

Дөңгелек үстел Қытай мен Қазақстанның, соның ішінде еліміздің бірқатар аймақтары – Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарының сарапшылық, мәдени білім беру  саласындағы және бизнес қауымдастығының көрнекті өкілдерінің басын қосты.

Қазақстан Республикасы Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының жетекшілері ҚХР-мен ынтымақтастық бойынша өз тәжірибесімен бөлісіп, кеңестерін ортаға салды.

Қазақстандық зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының өкілдері Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасының ерекшеліктеріне еуразиялық аймақтағы геосаясат пен геоэкономика тұрғысынан сипаттама берді.

Тағы бір талқыға түскен сауалдар шоғыры  қазақстандық және қытай компанияларының өзара тиімді экономикалық ынтымақтастығы, еліміздің аймақтарындағы шағын және орта кәсіпкерлікке қытай инвестициясын тарту мүмкіндігіне арналды.

Өз кезегінде қытай тарапынан жиынға қатысқан заңгерлер мен бизнес-кеңесшілер қос елдің кәсіпкерлігіндегі ынтымақтасуға болатын ықтимал салаларды атап көрсетті.

Дөңгелек үстелге қатысқандар қазақстан-қытай ынтымақтастығындағы түйткілдерге те тоқталды.

Басқосуды қорытындылай келе, екі инфрақұрылымдық жоба – Жібек Жолының экономикалық белдеуі мен Нұрлы жол қос мемлекет арасындағы конструктивтік ынтымақатастыққа жаңа серпін беретіні жөнінде ортақ тұжырым жасалды.