Қазақстан мен Қытай: «Нұрлы жол» және «Белдеу мен жол» бастамасы

Дата события: 
21 July 2017

 

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтында (ӘЭСИ) «Нұрлы жол» мен «Белдеу мен жол» бастамасы аясындағы ҚР мен ҚХР арасындағы серіктестікті дамыту перспективасы» тақырыбы бойынша халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Шараға ҚХР Мемлекеттік Кеңесі жанындағы Дамуды зерттеу орталығының (DRC) делегаттары мен ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшылары қатысты.

Дөңгелек үстел барысында Қазақстан мен Қытайдың «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдарламасы мен «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы өзара серіктестік мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының Орта Азия елдеріндегі көлік инфрақұрылымын, халықаралық сауда мен логистиканы жақсартуға қаншалықты әсер ететіндігі айтылды.

- Қазақстанның транзиттік әл-ауқатының «Үлкен Еуразия» аймағы ғана емес, әлем интеграциясының іргелес орталықтары үшін де экономикалық және сауда байланыстарын дамытуда маңызы зор, - деді пікірталас барысында ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев. Оның сөзінше, бұл салада «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру жаһандық аспекте елдер мен экономикалардың ары қарайғы табысты қарым-қатынасы үшін стратегиялық маңызға ие.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Қытай, Қазақстан және Жібек жолы бойындағы елдер арасында көлік-логистика серіктестігін дамытуға қатысты бірқатар ұсыныстар мен кеңестер айтылды.

DRC – Қытайдың ірі зерттеу ұйымы, Қытай «ақыл-ой орталықтары» арасында 2-ші орында. DRC ҚХР Мемкеңесі (Үкімет) жанында жұмыс істейді. Оның басты мақсаты – ұлттық экономика мен әлеуметтік даму саласында стратегиялық зертеулер жүргізу, сондай-ақ, Қытай үкіметі үшін ұсыныстар әзірлеу.