Қазақстанның алдыңғы қатарлы сарапшылары жаңғыру аясында мәдени құндылықтарды сақтау мәселелерін талқылады

Дата события: 
15 August 2017

 

2017 жылдың 15 тамызында Алматыда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтында (ӘЭСИ) «Жаһандық бәсекелестік жағдайындағы қазақстандық мәдениет: күтулер мен шынайылық» атты дөңгелек үстел өтті.

Пікірталасқа белгілі қазақстандық сарапшылар, қоғам қайраткерлері мен шығармашылық қауым өкілдері қатысты. Олардың қатарында: Шайзада Тоқтабаева, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас ғылыми қызметкері; Ольга Батурина, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Тарих және бейнелеу өнері теориясы» кафедрасының профессоры; Дина Дуспулова, «Алматы – Дом Мира» арт агенттігінің директоры; Евфрат Имамбек, ЮНЕСКО сарапшысы; Гүлмира және Гүлнар Ғаббасовалар, режиссер–хореографтар; Гүлзада Омарова, өнертанушы; Әлия Масалимова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің деканы; Эдуард Полетаев, саясаттанушы, «Мир Евразии» қорының жетекшісі; Андрей Чеботарев, саясаттанушы, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры; Марат Шибутов, саясаттанушы.

Дөңгелек үстелге қатысушылар мәдениет саласындағы жаңғыру мәселелері мен Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы басты тапсырмалар аясындағы дәстүрлі мәдениетті сақтаудың ағымдағы механизмдерінің нәтижелілігін талқылады.

ӘЭСИ Алматыдағы кеңсесінің жетекшісі Асқар Нұрша өзінің құттықтау сөзінде дөңгелек үстел өткізудің маңыздылығы туралы айтты. Оның сөзінше, Институт ұйымдастырған бұл шараның маңыздылығы сарапшылар қауымдастығы мен мемлекеттік билік органдарына Қазақстандағы мәдениет пен өнер саласының жағдайы туралы нақты әрі объективті бағасын беруге көмектеседі, сонымен қатар, отандық саясаттанушылар мен зиялы қауым өкілдерімен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас ғылыми қызметкері және Қазақстандағы дәстүрлі өнер туралы көптеген кітаптардың авторы Шайзада Тоқтабаева өз баяндамасында Қазақстандағы халықтың дәстүрлері мен құндылықтарын сақтап қалу мәселесін көтерді. Жаһанданудың күшеюі мен интернеттің жан-жақты рөлі ғаламдағы баршы халықтардың біріңғай ақпараттық контекстке тартылуына түрткі болды, - деп санайды зерттеуші. Мәдени алмасулар жүріп жатыр.

Бір жағынан, өмірлік бағдарлардың қалыптасуы байқалады, этникалық дәстүрлер трансформациялануда, осыған байланысты көптеген мәдениеттанушылар мен гуманитарилер кейбір этностардың жоғалып кетуінен қауіптенеді. Әр халық өзіне тән бірегейлік пен мәдени кодқа ие болғасын әлемнің шығармашылық айдынына өзіндік үлес қосады, ғаламдық ауқымда мәдениеттердің тоғысуы жүзеге асуы мүмкін. Мұндай жағдайда сәндік-қолданбалы өнер, қазақтардың ою-өрнек салу өнері секілді халықтың тұтас дүниетанымы ашылатын өнер түрлері мемлекет тарапынан ұдайы көңіл бөлуге мұқтаж.

Мәдениет және музыкатанушы Гүлзада Омарова ұлттық негізге сүйенбей жаңғыру жұмыстарын жүргізу мүмкін емес деп есептейді, бұл процесте тарих пен ұлттық дәстүрлер міндетті түрде ескерілуі керек. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен мәдени мұраны сақтау бойынша жүргізіліп жатқан маңызды жұмыстарға тоқталып өтті. Сонымен қатар, аталмыш жұмыстардың нәтижесі бұқара халыққа қолжетімді болмай жатыр, мәдениеттанушының пікірінше, «мәдени мұраны халыққа қайтаратын кез келді». Сондай-ақ, ол дәстүрлі мәдениетті насихаттап, өз мәдениетіне немкетті қараушылықтан сақтану үшін республиканың жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасына қажетті ағартушылық курстарын енгізу керектігін айтты.

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры Ольга Буторина мәдениет саласындағы көптеген жақсы бастамалар төменгі деңгейдегі орындаушылардың жұмысына немқұрайлы қарауына ұрынады, бұл  өз кезегінде мемлекеттің осы салаға жұмылдырған қуатын төмендетеді. Оның сөзінше, республикада мәдениет саласы бойынша ең жағымды жағдай елорда мен Алматы қаласында байқалады, өзге өңірлерде мәдениетке қол жетімділік мәселесі әлі шешілмей тұр.

О. Буторина назар аударған тағы бір маңызды мәселе – республикадағы мәдени нысандар өнімдерін және ең бастысы көркем сурет туындыларын цифрландыру керектігі, себебі, отандық суретшілердің көбі әлемге әлі де танылмаған. Елде бұл мәселемен айналысатын құрылым жоқтың қасы.

Дина Дуспулова, «Алматы – Дом Мира» арт-агенттігінің директоры, Қазақстанда арт-менеджмент дербес сала ретінде дамымай жатқанын айтты, шетелде бұл сала мамандары шығармашылық тұлға мен көрермен немесе бизнес өкілдері арасындағы негізгі байланыстырушы болып табылады. Көптеген өнер қайраткерлері үшін әкімшілік және ұйымдастырушылық жұмыстармен айналысу ыңғайсыздық тудырады, бұл жұмысты арт-менеджерлер тиімді атқара алар еді.

Мәдениет және өнер саласының өкілдері үшін мемлекет тарапынан қаржыландыру мәселесі де өзекті болып қалып отыр. Шығармашылық қауымдастықтың басым бөлігі мемлекеттік тапсырыс пен мемлекеттік қолдауды сақтауды қолдайды.

Дөңгелек үстел барысында зиялы қауым өкілдерінің заман талабына сай болып, тек қана мемлекетке сүйенбей, нарықтық шынайылыққа дағдылану керектігі де айтылды.

Қойылымдарға ғимарат таба алмай, тұрақты түрде дыдыс-жарық операторларына ақша төлеуге мәжбүр болып жүрген шағын театрлардың мәселесі де көтерілді.

Жалпы, сарапшылар Қазақстанның мәдени әлеуетін нығайтып, мемлекеттің позитивті имиджін қалыптастыру үшін Қазақстанда жасалған мәдени өнімді бәсекеге қабілетті ету керектігіне басым назар аударды.

Сонымен бірге, жиналғандардың пікірінше, ұлттық мәдени кодты және еліміздегі ұлттардың дәстүрлі құндылықтарын сақтап қалу Қазақстандағы мәдени келісімнің бірегей моделін қолдаудың басты шарты болып табылады.