ӘЭСИ «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің алғашқы қорытындыларын шығарды

Дата события: 
13 September 2017

 

Бүгін Астанадағы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтында (ӘЭСИ) «ЭКСПО 2017. Жасыл экономиканың келешегі» атты конференция өтті.

Конференция жұмысына «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің Комиссары Рапиль Жошыбаев, ҚР Тұңғыш Президенті -  Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов, ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев, «Жасыл экономика мен G-Global дамуын қолдау Коалициясы» басқармасының төрайымы Салтанат Рахымбекова, «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық қатысушылармен жұмыс департаментінің директоры Илья Оразақов,  АХҚО басқарушы директоры Саясат Нұрбек, Электроэнергетика және энергоқамту институты басқармасы төрағасының орынбасары Олжас Әлібеков, сонымен қатар, мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, дипломатиялық корпус өкілдері, сарапшылар, Астана ЖОО оқытушылары мен студенттері қатысты.

Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі келушілер мен түрлі мемлекеттердің мамандары тарапынан жоғары баға мен жағымды пікірлерге ие болды. Қазақстан таңдап алған «Болашақ энергиясы» тақырыбы біртіндеп жаңғырмалы энергия көздеріне өту қажеттілігі бойынша әлемдік трендке толықтай жауап береді. ЭКСПО-2017 аясында жасыл технологиялар саласындағы үздік зерттемелер көрсетілді.

Шара барысында сарапшылар, дипломаттар, саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлері ЭКСПО-2017 көрмесінің алғашқы нәтижелерін талқылап, көрменің Қазақстанның жаңғырмалы энергетиканың дамуына қосқан үлесіне баға беріп, жалпы, әлемдегі жасыл технологиялардың келешегіне қатысты пікір алмасты. Конференцияда көрменің Қазақстан экономикасының дамуына қосқан мультипликативті әсеріне ерекше назар аударылды.

- Қазақстан кезекті рет, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ететін және экологиялық сын-қатерлерді жоя алатын мықты әлеуеті бар, «жасыл технологиялар» саласында халықаралық серіктестікке бейім екенін көрсетті, - деді өз сөзінде ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев.

Өз кезегінде «ЭКСПО-2017» көрмесінің Комиссары Рапиль Жошыбаев бүгінгі конференция өткізудің ерекше маңыздылығын атап өтті, себебі, мұндай шаралар көрме тақырын насихаттап, ЭКСПО мұрасын терең зерттеуге көмектеседі.

Ал, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов мемлекет алдында «жасыл» экономиканы дамыту мен енгізу бойынша ауқымды мақсаттар тұрғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, оның сөзінше, ӘЭСИ шарасы – бұл көрме жабылғаннан кейінгі алғашқы ғылыми-тәжірибелік конференция болып табылады.

«Жасыл экономика мен G-Global дамуын қолдау Коалициясының» жетекшісі Салтанат Рахымбекова болса, ЭКСПО-2017 көрмесі – болашақ энергиясын әлемдік деңгейде насихаттаудағы алғашқы қадам деп санайды, сонымен қатар, сарапшы жасыл экономиканың дамуын жаңа жобалар мен бастамалар арқылы талқылауды жалғастыруды ұсынды.

Жалпы, конференцияға қатысушылар еліміздің «жасыл экономикаға» өтуі, Қазақстанның тұрақты дамуы, климатты өзгерту бойынша Париж келісімін жүзеге асыру секілді өзекті сұрақтар арқылы ЭКСПО-2017 көрмесінің қорытындыларын қарастырды.