ӘЭСИ сарапшылары Орталық Азиядағы дос және жау мемлекеттерді қабылдаудың мониторингін ұсынды

Дата события: 
14 September 2017

 

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) өкілдері – Серік Бейсембаев пен Жұмабек Сарабеков Қазақстанның халықаралық қатынастар бойынша кеңесі ұйымдастырған «Қазақстанның Орта Азиялық стратегиясы: аймақтық кооперация векторын нығайту» атты сарапшылар кездесуіне қатысты.

Шара аясында Қазақстанның өңірлік саясаты бағыттарының келешегі талқыланып, Орталық Азиядағы соңғы саяси және әлеуметтік-экономикалық үрдістер, сонымен қатар, бейбітшілікті қолдау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды.

ӘЭСИ сарапшылары Орталық Азиядағы «дос» және «жау» мемлекеттерді қабылдау бойынша қоғамдық пікірге негізделген зерттеу нәтижелерін таныстырды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, өңір тұрғындары арасында Ресей ең жақын дос мемлекет ретінде қабылданады. Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан азаматтары үшін Қазақстан бұл рейтингтің екінші орынында орналасқан. Орталық Азияның көптеген елдерінде «жау» мемлекет ұғымы көмескі сипатталады.

- Жалпы, кооперация мен серіктестікке бағытталған кез-келген өңірлік бастамаларды жүзеге асыру үшін қоғамдық пікірді зерттеу мен ескеру өте маңызды болып табылады. Саяси және экономикалық ықпалдастықты дамытып ғана қоймай, Орталық Азия елдерінің әлеуметтік-мәдени интеграциясын нығайту мәселесіне де көңіл бөлген жөн, - деді өз баяндамасында ӘЭСИ ішкі саяси және әлеуметтік зерттеулер бағдарламасының жетекшісі Серік Бейсембаев.

Сарапшылар кездесуіне Қазақстанның алдыңғы қатарлы аналитикалық құрылымдарының өкілдері, сыртқы саясат ведомствосының, халықаралық ұйымдар мен Қазақстанда аккредитацияланған дипломатиялық міндет мамандары қатысты.

ӘЭСИ Қазақстанның халықаралық қатынастар бойынша кеңесінің (ҚХҚК) құрамына кіреді. ҚХҚК халықаралық қатынас, Мемлекет басшысының негізгі бастамаларын насихаттау, сонымен қатар жаһандық тәртіптегі өзекті мәселелерді талқылау мен ұсыныс әзірлеу үшін отандық сарапшыларды біріктіру мақсатында құрылған.