Лондондағы Chatham House конференциясы

Дата события: 
16 October 2017 to 17 October 2017

 

Ағымдағы жылдың 16-17 қазан күндері Chatham House Корольдік халықаралық қатынастар институтының шақыруы бойынша, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) директоры Ержан Салтыбаев «Белдеу және жол. Қытайдың көшбасшылық бастамасы және оның әлемдік экономикаға ықпалы» атты конференцияға қатысты.

Конференция барысында инфрақұрылымдық инвестициялар мәселелері және жобаның шеңберінде экономикалық, сауда және қаржы байланыстарын арттырудағы Қытай рөлі, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының (ҚХР) жаһандық бастамасының табысты дамуына бизнестің мүдделігін күшейту мәселелері талқыланды.

«Белдеу және жол» бастамасының халықаралық мүдделігіне арналған сессия барысында ӘЭСИ директоры Қазақстанды осы жобаның басты байланысы ретінде таңдауы кездейсоқ емес деп атап өтті. Себебі, нақ Қазақстан Қытайдың жаңа бастамасы бойынша  толыққанды серіктесі болуы үшін саяси және экономикалық әлеуеті бар Орталық Азия аймағындағы ең тұрақты мемлекет.

Сонымен қатар, Қазақстанның артықшылықтары туралы айта келе, Салтыбаев келесі факторларды: тұрақты саяси жағдайды, елдегі қолайлы инвестициялық ахуалды, сондай-ақ үлкен транзиттік мүмкіндіктерді атап өтті.

- Қазақстан арқылы көліктік жобаларды жүзеге асыру Тынық мұхиты порттары мен Еуропа елдері, соның ішінде Ұлыбританияны қоса алғанда,  әдеттегі логистикалық сұлбаларды едәуір өзгертуге мүмкіндік берді. Құрлық бағыттары арқылы тасымалдау тауарларды жеткізу уақытын күрт қысқартып,  жер үстіндегі бағыттар арқылы жүк тасымалдау теңіз бағыттарымен жүк тасымалдаудан тиімділігімен ерекшеленеді - деп атап өтті ӘЭСИ директоры.

ӘЭСИ директорының қатысумен сессияның модераторы болып Би-би-си-дің британдық қызметінің танымал тележүргізуші Татьяна Бекетт сөз сөйледі. Панельдік спикерлер ретінде Қытай-Британдық іскерлік кеңесі  басқармасының төрағасы және Jardine Matheson Holdings-тің атқарушы директоры, лорд Джеймс Сассун, сонымен қатарИндонезияның Ұлыбританиядағы елшісі, доктор Ризал Сукма сөз сөйледі.

Конференцияның жалғасы ретінде, ағымдағы жылдың 17 қазанында сарапшылар, британдық банктер мен академиялық қоғамдастықтар өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстел барысында қатысушылар «Белдеу мен жол» бастамасының Еуразия аймағындағы геосаяси және геоэкономикалық ықпалы туралы пікір алмасып, әсіресе Ұлыбританияның осы бағдарламаға қатысуына, сондай-ақ бұл жобаның Орталық Азия елдері алдында ашылатын перспективаларына назар аударды.