Вильсон орталығының сарапшыларымен кездесу

Дата события: 
11 December 2017

 

2017 жылдың 11 желтоқсанында Әлемдік экономика және саясат институтында ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев пен әлем мен АҚШтың ең беделді «ақыл-ой орталығының» бірі Вудро Вильсон атындағы Халықаралық ғылыми орталық делегациясының кездесуі өтті.

Делегацияны Вильсон орталығы жанындағы Кеннан институтының директоры Мэтью Рожански (Matthew Rojansky) мен Роберт Дели, сонымен қатар, В. Вильсон атындағы орталық жанында қызмет ететін Қытай мен Құрама Штаттары бойынша Киссинджер институтының (KICUS) директоры бастап келді.

Кездесу барысында тараптар АҚШ пен Қазақстан арасындағы екі жақты қарым-қатынастың заманауи кезеңі жөнінде пікір алмасып, еуразиялық кеңістіктегі өзекті үрдістерді талқылады. Сондай-ақ, пікірталас барысында ортаазиялық аймақтың түрлі геоэкономикалық және инфрақұрылымдық жобаларға, соның ішінде, «Белдеу мен жол» қытайлық бастамасына қатысуы аясындағы даму келешегі әңгімеге арқау болды.

Кеннан институтының директоры, ресей-америкалақ қарым-қатынас бойынша сарапшы Мэтью Рожански өз кезегінде Вильсон орталығының Орталық Азия мен Қазақстандағы зерттеу құрылымдарымен байланыс орнатуы маңызды екенін атап өтті.

Киссинджер институтының директоры және АҚШтың Қытай бойынша ең үлкен мамандарының бірі Роберт Дели пікір алмасу мен халықаралық қарым-қатынастағы ағымдағы жағдайды түсінудегі сарапшылар кездесулерінің маңыздылығын айтты.

Өз кезегінде, ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев қонақтарды Институт қызметінің басым бағыттарымен таныстырып, еуразиялық аймақта болып жатқан геосаяси үрдістерге қатысты өз ойын айтты. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ғылыми серіктестікті дамытуға келісті.